Ақтөбеде сотталғандарға діни бағытта түсіндірме жұмыстары жүргізілді
Ақтөбедегі түзеу мекемесінде дін ұстанушы сотталғандарға діни бағытта түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №8 түзеу мекемесіне Ақмола облысының Науан хазірет мешітінің наиб имамы Улан Шарипов келіп, дін ұстанушы сотталғандармен кездесті.
Облыстық «Ихсан» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шарада дін ұстанушы сотталғандарға наиб имам Улан Шарипов ислам дініндегі мұсылман бауырдың ақысы жайында дәріс оқыды.
Түзеу мекемесі әкімшілігінің айтуынша, осындай іс-шаралар өңірдегі Дін істері басқармасымен және теологиялық оңалту қызметін жүргізетін қоғамдық бірлестіктердің теологтарымен, сондай- ақ психолог мамандармен тұрақты түрде өткізіледі. Мәселен, осы жылдың басынан бастап республикалық ақпараттық-талдау тобының теологтары өңірдегі түзеу мекемелеріндегі дін ұстанушы сотталғандармен бірнеше рет кездесулер өткізіп, сотталғандарға діни бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– Мұндай кездесулерді түзеу мекемелерінде жиі ұйымдастырудағы мақсат – терроризм және діни экстремизм идеологиясын, деструктивті діни ағымдарды ұстанатын сотталғандарды радикалды көзқарастардан арылту. Жалпы, республикалық деңгейдегі теологтар мен имамдардың түзеу мекемелеріндегі сотталғандармен кездесуі өз кезегінде жазасын өтеушілердің діни сауаттылығын арттырып, діни көзқарастарының оң бағытта болуына көп септігін тигізеді, – дейді №8 түзеу мекемесінің теологиялық оңалту жұмысы тобының аға инспекторы Мейіржан Ешниязов.
Кездесу соңында түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер Науан хазірет мешітінің наиб имамы Улан Шариповке көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптарын алды.