«Учаске» ЖААІШ: жамбылдық полицейлер мыңнан астам құқық бұзушылық дерегін анықтады
Жамбылдық полицейлер «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 1000-нан астам құқық бұзушылық дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қазаннан 1 қарашаға дейінгі аралықта Жамбыл облысының аумағында өзекті мәселелерді зерделеу, құқық бұзушылықтарды ескерту және алдын алу мақсатында әкімшілік учаске тұрғындарын барынша қамтуға бағытталған «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
– Жедел алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері полиция қызметкерлері 1137 адамды, оның ішінде Қазақстан Республикасында тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұру ережелерін бұзғаны үшін 12 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Тексеру жұмыстары барысында белгілі бір тұрғылықты жері жоқ 4 азамат Тараз қаласы Полиция басқармасының арнайы қабылдау мекемесіне жіберілді. Сондай-ақ, тексерумен 249 атыс қаруының иелері қамтылды, нәтижесінде тіркелмеген екі атыс қаруы анықталып, тәркіленді. Сонымен қатар, ішкі істер органдарына түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 67 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді, оның ішінде 3 жасөспірім уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды, – деп хабарлады Жамбыл облысының ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Әлдибеков.
Сонымен қатар полицейлер саяжай алқаптарын, қараусыз қалған және құрылысы тоқтатылған ғимараттарды, сондай-ақ үй шатырлары және жертөле жайларын тексереді. Іс-шаралар басталғаннан бері учаскелік полиция инспекторлары бекітілген әкімшілік учаскелерде 6 мыңнан астам пәтерлерді және аулаларды аралап, тұрғындармен танысып, учаскелік инспекторларды тұрғындардың аулалық чаттарына қосу үшін мыңнан астам визиткалар таратты. Сондай-ақ, ешбір құжатсыз жалға берілген 20-ға жуық пәтер анықталды. Осы дерек бойынша ақпарат Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне жолданды. Жалға берілетін пәтер иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, базарлар мен басқа да сауда орындарын, қолайсыз отбасыларды, қоғамға жат әрекеттер мен қараусыз қалу деректерінің жолын кесу үшін жастар мен кәмелетке толмағандардың шоғырлану орындарын, сондай-ақ азаматтық қару иелері мен шетелдік азаматтарды тексеру жұмыстары жүзеге асырылды.