Павлодар полицейлері гастролер-ұрыларды ұстады
Павлодар полицейлері гастролер-ұрыларды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар полицейлері елордалық жедел уәкілдермен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Павлодар және Алматы қалаларының аумағында қоғамдық көлікте бірнеше рет ұрлық жасағандарды ұстады. Олардың екеуі Семей қаласының тұрғындары, тағы біреуі – Жамбыл облысының тұрғыны. Бұлардың бәрі гастролер-ұрылар ретінде есепте тұрғандар.
Екі күдікті елордалық департаменттің УҰИ-не, біреуі Павлодар қаласының УҰИ-не қамауға алынды. Соңғысына қатысты қалта ұрлығы бойынша төрт іс тергелуде, заттай дәлелдемелер, яғни ұялы телефондар тәркіленді.
Сонымен қатар, Павлодар қаласында пәтер ұрлығы фактісі бойынша белгілі бір іс-шараларды өткізу кезінде (170 мың теңге және 90 мың рубль ұрланған) Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының тумасы ұсталды. Күдікті қамауға алынды.
– Осы фактілер бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексерілуде, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Айбек Алқамбек.
Айта кетейік, жыл басынан бері Павлодар облысында 1127 ұрлық тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 17%-ға төмен. Биыл Павлодар облысында 95 пәтер ұрлығы, 204 ұялы телефон ұрлығы және бір қалта ұрлығы тіркелді.