Жүргізуші куәлігін жасап беремін деп қарағандылықтарды алдаған алаяқ ұсталды
Жүргізуші куәлігін жасап беремін деп қарағандылықтарды алдаған алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Октябрь полиция бөліміне үш қала тұрғынынан арыз түскен. Жәбірленушілердің барлығы бір алаяқтың құрбандары болғанын көрсеткен. Белгілі болғандай, олар бір мекемеде белгісіз азаматпен танысып, соңғысы оларға ешқандай кедергісіз жүргізуші куәлігін жасап беремін деген. Алайда ол үшін куәлік алғысы келетіндер алдын ала 110 мың теңге беру қажет болған.
Ақшаны алғаннан кейін белгісіз азамат қысқа уақыт ішінде көптен күткен жүргізуші куәлігін жасап бермекші болған. Алайда арада үш ай уақыт өткенде ғана жәбірленушілер алаяқтың құрбаны болғанын сезіп, полицияға арызданған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 29 жастағы азамат ұсталып, мойындау көрсетпе белгілерін берді.
Тәртіп сақшыларымен жүргізілген тергеу жұмыстары барысында күдіктінің тағы да бір алаяқтық фактісіне қатыстылығы анықталды. Бұл жолы ол 31 жастағы қала тұрғынына несие рәсімдеп беремін деген желеумен оның 350 мың теңге ақшасын алып кеткен. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.