СҚО полицейлері қару туралы заңға енгізілген өзгерістер туралы айтты
СҚО полицейлері қару туралы заңға енгізілген өзгерістер туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері қаруға рұқсат ресімдегісі келетін адамдарға 11 қыркүйектен бастап заңнамаға өзгерістер енгізілгенін хабарлайды.
Заңнамада жас шамасы өзгертілген. Енді 18 жастан бастап өзін-өзі қорғау үшін тек газды не электрлі қаруды ғана иеленуге құқылы. Тегіс ұңғылы аңшы қаруына 21 жастан бастап рұқсат берілсе, ойық қаруды аңшылық тәжірибесі 3 жыл болған, 24 жастағы азамат қана ала алады. Медициналық талаптар да қатаңдатылды. Зорлық-зомбылыққа және құмар ойындарға бейімділіктің болуын анықтау үшін 5 жылда бір рет психологиялық тестілеуден өтуді енгізу қарастыруда.
Медициналық қарсы көрсетілімдері бар, сондай-ақ бірнеше құқық бұзушылық жасаған тұлғалардың қару иеленуге рұқсатын тоқтату мүмкіндігі енгізілмек. Заңсыз қару және заңсыз есірткі айналымымен байланысты ауыр және аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ террористік, экстремистік қылмыстар жасағаны үшін жауапқа тартылған тұлғаларға (соттылығы өтелген немесе алынған болса да) қару ұстауға өмір бойына тыйым салынған.
Заңды тұлғаларға қаруды атуға жарамсыз жағдайда сақтау міндеттемесі енгізіледі.
Қылмыстық және әкімшілік заңнамаға жаңа түсініктер енгізіледі: оқсыз атылатын қарудың негізгі (құрамдас) бөліктері азаматтық қаруға жатқызылады. Лақтырылатын, оқсыз атылатын, белгі беретін қаруларды және олардың негізгі (құрамдас) бөліктерін заңсыз пайдаланғаны, сондай-ақ елді мекендерде қаруды, оның ішінде оқсыз атылатын қаруды заңсыз қолданғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік белгіленеді.
Заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы adilet.zan.kz ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінен, СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарынан, сондай-ақ басқарманың 8 (7152) 49-37-43 немесе Петропавл қаласы ПБ әкімшілік полиция бөлімінің 8 (7152) 49-32-34 телефоны арқылы толығырақ білуге болады.