Түркістан облысында автобус пен ГАЗель көлігі соқтығысты: бір адам ажал құшты
Түркістан облысында автобус пен ГАЗель көлігі соқтығысып қалды. Салдарынан бір адам ажал құшты, – деп хабарлайды Polisia.kz
13 қазанда Түркістан ҚПБ-ның кезекші бөліміне жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама келіп түсті.
Видео әлеуметтік желіден алынды.
Оқиға орнына бірден полицейлер шықты. Анықталғандай, таңғы сағат 08:00 шамасында Самара – Шымкент тас жолында ГАЗель автокөлігі мен Yutong жолаушылар автобусы соқтығысқан. Жол апаты салдарынан автобус жолаушыларының бірі, Түркістан қаласының тұрғыны алған дене жарақаттарынан қайтыс болды. 5 жолаушы түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген.
Қазіргі уақытта бұл жайт ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүру немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы) бойынша тіркелді. Сараптамалар тағайындалды. Қарсы бағытқа шығып кеткен ГАЗель көлігінің жүргізушісі қамауға алынды. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.