Кіреберісте темекі шеккен Астана тұрғынына айыппұл салынды
Кіреберісте темекі шеккен Астана тұрғынына айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz
1 қазаннан бастап қала аумағында «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Мақсаты – халықтың қауіпсіздік сезімін қамтамасыз ету, қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелерде құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу. Учаскелік инспекторлар пәтер мен аулаларды аралайды, жалдамалы пәтерлерді, базарларды және басқа да сауда орындарын, қолайсыз отбасыларды, ІІО-да профилактикалық есепте тұрған адамдарды, азаматтық қару иелерін, қоғамға жат әрекеттер мен қадағалаусыз қалу фактілерінің жолын кесу үшін жастар мен кәмелетке толмағандардың шоғырлану орындарын тексереді.
Полиция көшелерде және қоғамдық орындарда әкімшілік құқық бұзушылықтарды белсенді түрде анықтауда. Бұл әдіс жалпы қылмыстық жағдайды жақсартуға ықпал етеді. Аралау барысында Алматы ауданы ПБ учаскелік инспекторы Азамат Өтегенов кіреберісте темекі шеккен Тәуелсіздік даңғылында орналасқан үйдің тұрғынын анықтады. 33 жастағы бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы (Темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оған 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Жыл басынан бері 47 мыңға жуық қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері анықталды, оның ішінде ұсақ бұзақылықтың 986 дерегі, пайдалану орындарын ластаудың 8 854 дерегі, тыныштықты бұзудың – 11 630, қоғамдық жерде темекі шегудің 2 125 фактісі және басқа да осыған ұқсас құқық бұзушылықтар анықталды.
Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарынан жедел алдын алу іс-шарасын өткізуге түсіністікпен қарауды сұрайды және ішкі істер органдарының қызметкерлеріне барынша жәрдем көрсетуге шақырады. Күдік тудырған адамдар туралы полицияға 102 арнасына немесе мобильді қосымша арқылы дереу хабарлау қажет.