Қызылорда облысында киікті атқан тұрғындар құрықталды
Қызылорда облысында киікті атқан тұрғындар құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
18 қазан күні Қызылорда облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасымен жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында жойылып кету қаупі төніп тұрған киік жануарын заңсыз аулап, оның мүйізі мен етін тасымалдап, сақтап, өткізіп, қылмыстық жолмен қаражат тауып облыстың үш тұрғыны құрықталды.
Күдіктілердің тұрғылықты мекенжайын тексеру барысында 53 киік аңының өлі денесі, 12 мүйіз, ІІО-на тіркеуде жоқ 12 калибрлі аңшы мылтығы, пышақтар және жол талғамайтын екі автокөлік айғақ зат ретінде алынды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен (Алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен, аса ірі залал келтіре отырып сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған киік жануарын, олардың бөліктерімен және дериваттарымен заңсыз иемдену, тасымалдау, өткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Бүгінгі таңда үш күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.