Түркістан облысында шопан иесінің асыл тұқымды қошқарларын сатып жіберген
Түркістан облысында шопан иесінің асыл тұқымды қошқарларын сатып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz
Ордабасы аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, оның қарамағында жұмыс істейтін шопаны құны бір миллион теңге болатын бес асыл тұқымды қошқарларын рұқсатсыз сатып, өзі қашып кеткен. Бұл жайында жәбірленушіге танысы хабарласып, қойлары қараусыз жүргенін жеткізгенде бірақ біледі.
Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша тіркеді.
Осы қылмысқа байланысты тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Куәлардан сұрастырып, жан-жақты тексеру жүргізді. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы Алматы қаласына қашпақ болған шопан дер кезінде анықталды. Ол полиция бөліміне жеткізіліп, орын алған жайттың ақ-қарасын ажырату мақсатында жауап алынды.
Анықталғандай, күдікті Өзбекстан Республикасының азаматы бір жылдан бері жәбірленушінің қойларын бағып жүрген. Алайда осы жолы тұрғынның бес қошқарын таныстарына сатып, қалған малдарды қараусыз қалдырып, өзі бой тасалаған. Қазіргі таңда күдікті азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Айғақты зат ретінде талан-таражға түскен малдар алынып, заңды иесіне қайтарылды.