Келушілерге кальян ұсынған кафе әкімшісі жауапқа тартылды
Келушілерге кальян ұсынған кафе әкімшісі жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері күн сайын құқыққа қайшы әрекеттерді анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізеді.
– Мысалы, кезекті патрульдеу кезінде Павлодар қаласы Орталық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері Абай көшесіндегі кафеде 25 жастағы келушінің кальян шеккенін анықтады, – деді Павлодар қаласы Орталық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Мақсат Сарин.
Аталған мекеменің әкімшісі ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осыған байланысты оған 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді.
Тәртіп сақшысы осы баптың нормалары темекі шегудің алдын алуға және шектеуге, осылай халықтың денсаулығын қорғауға бағытталғанын түсіндірді. Сондай-ақ заңнамаға сәйкес, өз үйінен басқа барлық жерде кальян шегуге тыйым салынатынын еске салды.
Сонымен қатар, аурулардың даму қаупін азайту мақсатында темекі өнімдері мен электронды темекі шегуге тағы бірнеше қоғамдық орындарда тыйым салынды. Енді жабық қоғамдық аялдамаларда, ойын алаңдарында, метрода және жерасты өткелдерінде темекі шегуге болмайды.