Түркістан облысында тұрғынның шлакоблок құятын аппаратын ұрлаған жігіт анықталды
Түркістан облысында тұрғынның шлакоблок құятын аппаратын ұрлаған жігіт анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан полициясына жергілікті тұрғын ұрлық жайтының құрбаны болғандығы жөнінде арызданып келді. Жәбірленушінің айтуынша, түнгі уақытта ауласында орналасқан сарай ішіне белгісіз біреу кіріп, шлакоблок құятын аппаратын жымқырып кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 250 мың теңгеге жуық.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеді.
Хабар алысымен аталған қылмысты ашу мақсатында түркістандық тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қажетті іс-шаралар кешенін жүргізіп, жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәлардан сұрастырды.
Тәртіп сақшылары тыңғылықты атқарылған істің нәтижесінде жан-жақты жинақталған мәліметтерді саралай келе, аталған іске күдікті ретінде ер адамды анықтады. Ол жергілікті тұрғын, жәбірленушінің туыс інісі болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, күдікті оңай жолмен ақша табуды көздеген. Осылайша жәбірленушінің үйіне ұрлыққа түскен. Қолды болған заттарды темір алатын орынға сатып, ақшасын бас пайдасына жаратқан. Ұрланған шлакоблок құятын аппарат айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды.