Абай облысында сотталған сүйіктісімен некелесті
Абай облысында сотталған азамат сүйіктісімен некелесті, – деп хабарлайды Polisia.kz
Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №21 мекемесінде 100-ге жуық жазасын өтеп жатқандар бар. Олардың 90%-ы ер азаматтар. Қауіпсіздігі төмен деп саналатын мекемеде жазасын сотталғандар ерсі қылық танытпай, тәртіптері түзу болса белгіленген өздерінің тәртібімен сыртқа шығып тұрады және жұмыс жасайды. Тіпті сотталушылар АХАЖ бөліміне барып, некесін де қияды.
38 жастағы Максим Воронько екі мәрте мас күйінде көлік жүргізу барысында ұсталған. Алдымен көлік жүргізу куәлігінен, кейін осы әрекетін қайталағаны үшін бас бостандығынан айырылған. Өз кінәсін толықтай сезінген азаматтың бостандыққа шығуына тура бір айдай уақыт қалған. Десек те ол болашақ әйелімен келісе отырып, некесін қидыруды шешкен.
– Мен ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша жазамды өтеп жатырмын. Жарты жыл берді. Ал енді неліктен үйленуді қазір шештік десеңіз, біз бұны бұрыннан ойлап жүрген едік. Әйелім де қалаға келді, Алматыға кеткен болатын. Әзірге уақыт барда некелесейік деп шештік, – дейді жазасын өтеуші Максим.
Қылмыстық атқару жүйесі департаменті №21 мекемесі мамандарының айтуынша, Максимның тәртібі жақсы, азық-түлік қоймасында жүк тасушы болып жұмыс атқарып жүр.
– Ал АХАЖ бөліміне барарда құжаттары бізде тіркелгендіктен, некелерін қию салтанатына куә болдық. Максим бір ай бұрын мекеме әкімшілігіне келіп, некесі қиылатыны туралы өтініш білдірген. Оның өтініші қарастырылды. Белгіленген күніне мекеме қызметкерімен шығып, АХАЖ бөліміне некесін қиып келді. Мұндай оқиғалар осыған дейін де мекемеде тіркелген. Сондықтан өмірдегі шешуші сәтте біз оларға тек қолғабыс етеміз, – дейді мекеме басшылығы.