Қостанай тұрғыны патрульдік полицейлерге алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia kz.
Қостанай тұрғыны Алексей Козлов Қостанай облысының ПД Instagram ведомстволық парақшасында жолда көмек көрсеткен полицейлерге алғысын білдірді. Ер адам екі экипаждағы полиция қызметкерлерінің есімдерін сұрап үлгермегендіктен, оларды тауып жеке алғысын айту үшін әлеуметтік желіге жүгінген. Облыстық ПД баспасөз қызметі патрульдеуді жүзеге асырған қызметкерлерді тапты.
Бұл күні тас жолда рота полицейлері Серік Ермағанбетов, Самат Кужаров, Ермек Әшімов және Серік Увалеев кезекшілік еткен. 30 қазанда сағат 22:00 шамасында Козловтар отбасы Сарыкөл ауылынан қайтып келе жатады. Сарыкөл-Қостанай тас жолында қостанайлықтардың автокөлігі бұзылып қалған.
– Жолда біз бір сағатқа жуық тұрып, тоңып қалдық. Бізге автопатруль жақындап не болғанын сұрады. Жұбайымды жылыну үшін қызметтік көлікке отырғызып, өздері машинаны жөндеуге көмектесе бастады. Өкінішке орай көлік жөнделмеді, осы кезде екінші экипаж келді. Бізді соларға тапсырды, – дейді Алексей Козлов.
Полиция қызметкерлері Ермек Әшімов пен Серік Увалеев сынған машинаны облыс орталығына сүйреп апаратын көлікті тауып берді.
– Қиын жағдайда көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне зор алғысымды білдіремін, – деп жазды қостанайлық.