Полицейлер бірнеше алаяқтық қылмысына қатысы бар ер адамды анықтады
Келес полицейлері бірнеше алаяқтық қылмысына қатысы бар ер адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірнеше алаяқтық қылмысына қатысы бар күдіктіні анықтады. Атап айтсақ, алаяқ ер адам тұрғындардан қайтарымсыз несие алуға көмек беремін деп алдау жолымен ақша алып отырған. Келес АПБ-ға жәбірленушілердің бірі арызданып, өзіне бейтаныс біреу мемлекеттен қайтарымсыз ақша алып беруге уәде бергенін жеткізді. Осылайша алаяқ ауыл тұрғынының сеніміне кіріп, 370 мың теңгеден астам ақша алып, ұзақ уақыт уәдесін орындамай, созып жүреді.
Полиция бөліміне бұдан басқа алаяқтан зардап шеккен ауданның тағы бірнеше тұрғыны хабарласып, дәл осындай ақпараттарды жеткізген. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде келестік қырағы полицейлер күдіктіні анықтады. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Бүгінгі таңда тергеу ер адамның алаяқтықтың 16 жайтына қатысы бар екенін анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 5 миллион теңгені құрады.
Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінде болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.