Түркістан полицейлері жоғалған қарияны іздеп тапты
Түркістан полицейлері жоғалған қарияны іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғындардың бірінен хабарлама келіп түсті. Онда ер адам өзінің 80 жасқа таяған әкесі үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағанын көрсеткен. Аталған ақпарат бойынша жоғалған қарияны табу мақсатында түркістандық полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары қарияның таныс-туыстарының тізімін алып, әрқайсысымен біртіндеп байланысқа шықты.
Егде жастағы тұрғынның баруы мүмкін делінген аймақтарды түгел тексерді. Барлық полиция бөлімдеріне бағытнама берілді. Осындай қарқынды қызметтерінің арқасында із-түссіз жоғалған қарияның жүрген жері анықталып, туыстарына аман-есен табысталды. Белгілі болғандай, қария осы уақыт аралығында Шымкент қаласындағы алыс туысының үйінде болған. Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
Әкесінің аман-есен табылғанына қуанған баласы полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.
– Әкеміз үйден шығып кетіп, содан оралмады. Адам емдеумен айналысатын әкем бұған дейін де бірнеше рет өзге қалаларға адам қарауға кетіп жүретін. Бұл жолы ұзақ уақытқа жоқ болғасын, одан хабарсыз қалғасын, қатты қорқып кеттік. Полиция қызметкерлеріне хабар бердік, олар бір тәулік ішінде әкемді тауып берді. Алғысым шексіз, – деді ол.