Жылыту қазандықтарын ұрлауды кәсіпке айналдырған үшеу құрықталды
Жылыту қазандықтарын ұрлауды кәсіпке айналдырған үшеу құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қыс маусымы қарсаңында жылыту қазандықтарын ұрлау жайттары көптеп орын ала бастады. Кезекті жайт Шымкент қаласы аумағында, 2022 жылдың 29 қазанында орын алды.
Қаратау ауданы Полиция басқармасына «102» арқылы жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында, үйінде тұрған құны 250 мың теңге тұратын жылыту қазандығын белгісіз тұлғалар жасырын түрде ұрлап кеткендігін жазып көрсеткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдап, жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде полиция қызметкерлері үш азаматты тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Олардың бірі 27 жастағы шымкенттік. Қалған екеуі Түркістан облысының 29 және 31 жастағы тұрғындары болып шықты. Үшеуінің де тұрақты жұмыстары жоқ.
Қазіргі кезде ұрланған заттар заңды иесіне қайтарылды. Сондай-ақ, ұсталған үшеудің басқа да осындай 4 ұрлық жайтына қатысы бар екені анықталды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде жергілікті тұрғын жылыту қазандығын қайтарып берген тәртіп сақшыларына алғыс айтып, ризашылығын білдірді.