Теміртауда қызметші үй иесінің бір млн теңгесін қолды қылды
Теміртауда қызметші үй иесінің бір млн теңгесін қолды қылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Теміртау қалалық Полиция басқармасына қарасты Ескіқалалық полиция бөліміне 42 жастағы қала тұрғыны арызбен шағымданып, белгісіз біреу пәтерден бір млн теңге ақша ұрлап кеткенін айтқан.
Полиция қызметкерлерімен оқиға орнын тексеру барысында үйге бөтен біреудің кіргені бойынша ешқандай іздер анықталған жоқ. Жәбірленуші бұл пәтер өзінің науқас анасыныкі екенін, анасы ешқашан далаға шықпағанын айтты. Сондай-ақ ол анасын күту үшін үй қызметшісін жалдағаны белгілі болды.
Үй қызметшісі науқас азаматшаның жинаған ақшасын қай жерде сақтайтынын білген. Ал ұлы болса үй қызметшісінің қылмысқа бармайтынына сенімді болды. Алайда полиция қызметкерлерінің қылмысты ашу бойынша жүргізген іс-шаралары барысында алғашқы күдік сол азаматшаға түсті.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 27 жастағы азаматша ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Тергеу әрекеттері барысында күдікті ақшаның қай жерде тұрғанын біліп, қомақты қаражатты алып кеткенін мойындады.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.