Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ішкі істер министрі Ұлттық ұланның Оралдағы әскери бөліміне барды

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Батыс Қазақстан облысына сапары аясында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5515 әскери бөліміне барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сапар барысында министр Орал қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысты.

Ведомство басшысын Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы Қайрат Ақтанов, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Арман Жұмағалиев және Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов күтіп алып, өңірдегі жағдайды баяндады.

Сапар барысында министр әскери бөлімнің мұражайына барып, құрылу тарихымен, қазақ батырлары, ҰОС ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер, сондай-ақ бөлімнің бүгінгі қызметтік-жауынгерлік тыныс-тіршілігі туралы мағлұматтармен танысты.

Тарихи анықтамаларды, мұрағаттық құжаттарды, фотосуреттер мен әскери киім және құрал-жабдықтарды сақтау, кейінгі буынға насихаттау ісін министр жоғары бағалады.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Арман Жұмағалиев бөлімнің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеті, атқаратын міндеттері және оларды орындауға жұмсалатын күш-құралдар жайлы хабардар етті.

Өз кезегінде Ішкі істер министрі ел Президентінің Ұлттық ұланның қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірлерде тұрақтылық пен тәртіпті сақтау бойынша аса маңызды міндеттерді орындап жатқандығы туралы сөздерін еске салды.

Кездесу соңында Арман Жұмағалиев сенім білдіргені үшін қонақтарға жеке құрам атынан алғыс айтып, Ұлттық ұлан жауынгерлері ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға әрқашан өз үлестерін қосуға дайын екендігін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру