Батыл қостанайлық тұрғын мен полицейлер көпірден секірмек болған әйелді құтқарып қалды
Қостанайда полиция мен тұрғын көпірден секіргісі келген әйелді құтқарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін сағат 14:10-да 102 пультіне көпірде секірейін деп тұрған әйел туралы хабарлама түсті. Бұл ақпаратты сол маңнан өтіп бара жатқан көлік жүргізушісі жеткізді. "Тезірек келіңіздер, мен оны құтқаруға тырысамын", - деді ер адам.
Оқиға орнына полиция аға лейтенанты Жалғас Шонов пен полиция капитаны Дулат Арманов тез арада жетті.
- Біз келген кезде ер адам әйелдің қолынан ұстап тұрды. Оны көпір үстіне шығаруға тырысып жатты, - деді Жалғас Шонов.
Полицейлер әйелді шығарып, оны полиция көлігіне отырғызуға көмектесті.
- Құтқарылған адамның жағдайы онша емес болды, тіпті аты мен тегін де атай алмады. Бізге оны шұғыл түрде полиция бөлімшесіне жеткізуге тура келді, - деп жалғастырды Дулат Арманов.
Абыр-сабыр кезде оқиға орнында бірінші табылған жүргізуші полицейлердің әйелге алғашқы медициналық көмек көрсеткеніне көз жеткізіп, кетіп қалған.
- Қиын жағдайдағы батыл әрекеті мен көмегін атап өту үшін біз ержүрек қостанайлықтан хабар күтеміз, - деді полицияда.