Қостанай облысында полицейлер жоғалған қойшыны тапты
Қостанай облысында полицейлер жоғалған қойшыны тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 желтоқсан күні таңертең Қарабалық ауданы Қособа ауылдық округінің Октябрь селосынан 45 жастағы шопан жоғалған қой отарын іздеуге шықты. Бір тәулік өткеннен кейін де ол үйіне оралмады. Оның ұялы телефоны өшірілген болғасын жақындары дабыл қағып, полицияға жүгінді.
Полицейлер шекара қызметтерімен бірлесе отырып, қоңырау түскен бойда қойшы болуы мүмкін жерге барды. Іздеу жұмыстарына қалың қар қиындық туғызды. Соған қарамастан полицейлер екі сағаттан кейін әлсіреген шопанды тапты.
– Жоғалған адамның жобалап болса да қай жерде екенін білмесеңіз, іздеу жұмыстары қиынға түседі. Бірақ әріптестерімізбен тез бағдарланып, бірнеше топқа бөліндік. Екі сағаттық іздеу жұмыстарынан кейін Октябрь ауылынан 30 шақырым жерде жоғалған шопан мен оның қойлары табылды. Ол күш-қуаты таусылған, қатты тоңған. Түнде далада қар үстінде ұйықтаған. Қызметкерлер оған бірден алғашқы көмек көрсетіп, үйіне алып кетті, – дейді Қарабалы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Жандос Баймұханов.
Шопанның жақындары полиция қызметкерлерінің атына алғыс хат жазды. Онда Раевтар отбасы Қарабалық аудандық полиция бөлімі мен Шекара қызметінің мамандарына алғысын білдіреді.
– Учаскелік полиция қызметкері Олжас Магамбетовке, Қожамұратовқа, сондай-ақ «Аят» Шекара қызметінің бастығы Ердәулет Өмірбековке және оның қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз. Олар біздің ағамызды, күйеуімізді, әкемізді, Т.А. Раевты іздеуде көмек көрсетті. Сіздердің әрқайсыларыңызға шын жүректен зор денсаулық, отбасылық бақыт тілейміз, – делінген жазбаша үндеуде.