Өскеменде дүкен қызметкерлері 19 млн теңгені жымқырған
Өскеменде дүкен қызметкерлері 19 млн теңгені жымқырған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Өскемен қаласы ПБ Ертіс полиция бөлімінің “102” жедел арнасына ЖШС өңірлік басқарушысы жүгінген. Өтініш берушінің ақпараты бойынша биылғы жылдың шілде-қараша аралығында Өскемен қаласының сауда-ойын-сауық орталықтары бірінде дүкен қызметкерлері шамамен 19 млн теңгеге мүлікті жымқырған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде тәртіп сақшылары төрт күдіктіні анықтап, ұстаған. Олардың барлығы 20 мен 21 жас аралығындағы университет студенттері.
Қазіргі уақытта аудиторлық тексеру жүргізіліп жатыр.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Кінәні мойындаған жағдайда күдіктілер жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.