Алматы тұрғыны жалған түбіртекпен дүкен сатушыларын алдап соққан
Алматы тұрғыны жалған түбіртекпен дүкен сатушыларын алдап соққан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматының Әуезов ауданында шағын дүкендердің сатушыларын алдап жүрген жас жігіт ұсталды.
Жедел уәкілдердің айтуынша, 19 жастағы В.есімді азамат алдын ала өңделген қолма-қол ақшасыз төлем түбіртегін көрсеткен.
– Бірнеше апта бойы қаскөй шағын дүкендерден тауарларды таңдады: темекі, азық-түлік, бағаларын көрді, содан кейін смартфондағы қосымшаның көмегімен төлем түбіртегін ептілікпен жасады. Аңғал сатушылар мобильді құрылғысына ақша түскені туралы хабарлама кейінірек келетініне сенімді болды. Осы аралықта “сатып алушы” жайбарақат тауарын алып кетіп қалды, – деді Әуезов аудандық Полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.
Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта ұсталған азаматтың осыған ұқсас бірнеше қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды.