СҚО жолдарында төрт күнде 13 мас жүргізуші ұсталды
СҚО жолдарында төрт күнде 13 мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төрт күнде Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында полицейлер 13 мас жүргізушіні ұстады. 16 желтоқсаннан бастап өңірде 10 күндік “Мас жүргізуші” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
– Іс-шараға 400-ге жуық учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция қызметкерлері және тағы да басқа қызметкерлер жұмылдырылды. Міндет – жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтарының жолын кесу, сондай-ақ автокөлікті мас күйде басқаратын жүргізушілерді анықтау. Профилактикалық рейдтер тәулік бойы жүргізіледі, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде төрт күнде жол жүрісі қағидаларының түрлі 1023 бұзушылығы анықталды. Қауіпсіздік белдіктерін пайдаланбаудың – 109 және көлік тізгінінде телефондарды пайдаланудың 89 фактісінен бөлек, бұл күндері жылдамдықты асырғаны үшін – 72, құжатсыз көлік құралдарын басқарғаны үшін – 65, сондай-ақ техникалық байқаудан өтпеген автокөлікті басқаруғаны үшін 32 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзудың 99 дерегі анықталды.
Осы жылдың 11 айында СҚО-да мас жүргізушілердің кінәсінен 26 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 6 адам қаза тапты, 27 адам жарақаттар алды.