Қостанай облысы ПД қызметкерлері МИБ төрағаларымен кездесті
Қостанай облысы ПД қызметкерлері МИБ төрағаларымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Қостанай қаласы мүлік иелері бірлестігінің төрағаларымен кездесті. Жиын барысында қаланың қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, МИБ өкілдерімен кездесуде бейнебақылау камераларын көбейту және қала аудандарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жұртшылықты белсенді тарту мәселелері қаралды.
Полиция қызметінің бұқара халықпен байланысы – маңызды стратегиялық бағыт. Оның міндеті полиция мен қоғамның серіктестік қатынастарын орнату.
– Көппәтерлі үйді бейнебақылау жүйесімен жабдықтаудың басты мақсаты – қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу. Ал қылмыс жасалған жағдайда күдіктілерді ізін суытпай ұстау маңызды. Сондықтан құқық қорғау органдарының қызметкерлері көппәтерлі үйлерді камералармен жабдықтауға кеңес береді, – деді Қостанай облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының маманы Олжас Сүлейменов.
Қостанай облысы ПД өкілі тұрғындардың қауіпсіздікті жақсарту және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ұсыныстарын тыңдады. МИБ төрағалары учаскелік полицияның жұмысын жоғары бағалады. Олардың айтуынша, жергілікті полиция азаматтардың өтініштерін жедел қарастырады.
– Учаскелік инспекторлар әрдайым байланыста болады. WhatsApp әлеуметтік желісінде үй чаттары жұмыс істейді. Бүгін біз өзекті мәселелерді талқыладық және ең алдымен, азаматтардың қауіпсіздігі басты назарда, – деп атап өтті Қостанай облысы МИБ басқарушы және сервистік компаниялар қауымдастығының төрағасы Юлия Бубнова.
Бүгінгі таңда облыс орталығында тұрғын үйлердің кіреберістерінде 2297 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оларды Қостанай қаласының Жедел басқару орталығы бақылайды.
Олардың көмегімен бірнеше қылмыс ашылып, 30-дан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Қазіргі уақытта ЖБО-ның бейнебақылау жүйесі үнемі көбейіп келеді. Әсіресе, соңғы жылдары тұрғын үй аумағында бейнекамералар көптеп орнатылып жатыр.