Жұмысқа орналаспақ болған Түркістан тұрғыны ақшасынан айырылды
Түркістан полицейлері Атырау қаласына жұмысқа орналастырамын деп алаяқтық жасаған ер адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, интернет арқылы өзі жақсы танымайтын адам сеніміне кіріп, Атырау қаласына жұмысқа орналастырып беремін деп алаяқтық жолмен 100 мың теңге ақшасын алған. Алайда ақшаны иемденген алаяқ уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармай жәбірленушіні әбігерге салған. Содан кейін жәбірленуші алаяқтың құрбаны болғанын түсініп, полициядан көмек сұрайды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеліп, полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде күдікті ретінде Қызылорда облысының жұмыссыз тұрғыны, ер адам анықталды. Белгілі болғандай, сезікті пайдакүнемдік ниетпен алынған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.