Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-де «Погонды журналист» және «Менің полициям» жобаларының жеңімпаздары марапатталды

ІІМ-де қазақстандық полицияның 30 жылдығына орай өткізілген екі жобаның қорытындысы шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Министрлік екінші жыл қатарынан «Погонды журналист» жобасын өткізді. Байқау 23 маусым күні басталған болатын. Оған 60-қа жуық республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері қатысты. Тергеушілердің, анықтаушылардың, криминалистердің, кинологтардың, патрульдік және учаскелік инспекторлардың, сондай-ақ басқа да полиция қызметкерлерінің жұмысы туралы 90-нан астам материал жарияланды. Айта кету керек, бұл мамандардың барлығы да халықпен тығыз байланыста, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғам тыныштығы үшін еңбек етеді.

Жаңа жыл қарсаңында түрлі номинациялар бойынша үздік 10 журналист марапатталды. Олардың арасында «Qazaqstan» ұлттық арнасының «TAŃSHOLPAN» ақпараттық-сазды бағдарламасының редакторы Ботагөз Сағындық та бар. Ол жобаның ең креативті журналисі болып танылды.

– «Погонды журналист» жобасына биыл екінші рет қатыстым. Былтыр учаскелік инспекторлармен бірге жүріп, түсірілім жасадық. Осы жолы криминалист болдым. Екі жұмыс та оңай емес. Құқық қорғау органдарының қызметі ерекше. Өйткені қоғам тыныштығын күзету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мен олардың қызметін көрерменге барынша жеткізуге тырыстым, – деді ол.

Жеңімпаздарға марапатты ІІМ Идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің бастығы Альбина Махамбетова табыстады.

– Астана қаласындағы журналистер ІІМ-де марапатталды. Өңірлерде жобаға қатысқан журналистерге біздің марапатымыз жетеді деген ойдамыз, – деді полиция полковнигі.

Тағы бір ерекше жоба «Менің полициям» деп аталады. Полиция қызметкерлерінің 5-14 жас аралығындағы балалары ата-аналарының жұмыс орнына келіп, өз ойларын бейнеролик арқылы жеткізді. Жоба қорытындысы бойынша 4 жеңімпаз анықталды. Оның бірі – Елтай Дәурен.

– Мен бұрын «кинолог» деген сөзді түсінбедім. Кейін анамның жұмыс орнына барып, оның немен айналысатынын көрдім. Кинолог иттерді дайындап, қылмыстарды ашуға үйретеді екен. Мен де болашақта анам сияқты полиция қызметкері болғым келеді, – деді Астана қаласы С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп оқушысы.

Биыл республика мектептерінде Ішкі істер министрлігі «Еуразия Бірінші арнасымен», «Baq.kz» ақпараттық порталымен бірлесіп, 20-ға жуық қауіпсіздік сабағын өткізді. Шараға белсенді қатысқан білім беру ұйымдарының өкілдері де марапатқа ие болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру