Маңғыстау облысында консультативтік-кеңесші органының кезекті отырысы өтті
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Мұнайлы аудандық пробация қызметкерлері аудан әкімінің орынбасары Нұрхан Мұстафаевтың төрағалығымен өткен консультативтік-кеңесші органының кезекті отырысына қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырыс қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал етудің шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөнінде өтті.
Мұнайлы аудандық пробация қызметінің есебінде 263 тұлға тұр. Былтырғы жылы аудандық әкімдігімен тұрақты жұмысқа 5 тұлға орналастырылып, 13 сотталған атаулы әлеуметтік көмек алды. Бір тұлға мүгедектігіне байланысты такси қызметімен қамтамасыз етіліп отыр.
Мұнайлы аудандық Пробация қызметінің бастығы Берік Бабаевтың айтуынша, 2022 жылдың ішінде есепте тұрған тұлғалардың сот жүктеген міндеттеріне, пробациялық бақылау мен ережелеріне немқұрайлылық қарауына байланысты аудандық сотқа тиісті құжаттар жолданды. 19 тұлғаға қатысты материал сотпен қанағаттандырылып, сотталғандар жазасының қалған бөлігін өтеу үшін түзеу мекемелеріне кері қайтарылды.
Отырыс барысында есепте тұрған тұлғаларға әлеуметтік көмек көрсету, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру, құқықтық көмек көрсету, сотталғандардың балаларын балабақшамен және мектеп жасындағы балаларды қажетті оқу құралдармен қамтамасыз ету бойынша мәселелер талқыланып, биыл қолға алынатыны туралы шешім шығарылды. Аудан әкімдігі жергілікті пробация қызметімен тығыз байланыста жұмыс жасап, қолдау білдіретінін жеткізді.