Павлодар облысында полицей ер адамды суицидтен құтқарды
Павлодар облысында полицей ер адамды суицидтен құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 қаңтарда сағат 21.35 шамасында күйеуі үшін алаңдап тұрған әйел учаскелік инспекторы Қуаныш Алиновтың телефонына қоңырау шалды. Оның айтуынша, күйеуі егер ол балаларымен бірге оған оралмаса, өзіне бірдеңе жасаймын деп қорқытқан. Учаскелік полиция қызметкері әйелдің қазіргі уақытта ол балаларымен бірге көрші ауылда ата-анасымен бірге тұратынын анықтап білді.
– Қаңтар айынан бастап мен балаларыммен ата-анаммен бірге тұрамын. Біраз уақыт бұрын жұбайым телефоныма қоңырау шалды. Әңгіме барысында ол егер мен бір сағат ішінде балаларыммен үйге оралмасам, ол өз өміріммен қоштасатынын айтып, қорқытты. Ол біз тұрған ескі үйде болуы мүмкін, – деді абыржыған әйел.
Уақыт жоғалтпай полиция қызметкері Қуаныш Алинов жедел іс-қимылдарға кірісті. Полиция қызметкері дереу көрсетілген мекенжайға барды.
– Мен үйге келгенде айналасында қараңғы, аулада ит жүгіріп жүр. Жоспарды тез құрастырып, іс-әрекетке кірістім. Пәтердің есігі ішінен құлыптаулы болды. Бүкіл ауланы қарап шыққаннан кейін мен шамды қосып, үйдің барлық терезелерін қарай бастадым. Олардың бірінде мен арқанға асылып тұрған адамды көрдім. Уақытты жоғалтпастан, көлікке қарай жүгірдім. Монтировканы алып, әйнекті сындырып, үйге кірдім. Ер адамды арқаннан түсіріп алып, бірден оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, есін жидырып, жедел жәрдем шақырдым, – деді Қуаныш Алинов.
Учаскелік инспектор осы уақыт бойы ер адамның жанында болды. Медициналық көмек көрсеткен соң туыстары келгенге дейін онымен әңгімелесті. Суицидтің алдын алған полиция қызметкері ер адамды туыстарына тапсырды, содан кейін ол қызметін жалғастырды.