СҚО-да күзет құрылымдарының қызметкерлері 100-ден астам қылмысты ашуға көмектесті
СҚО-да күзет құрылымдарының қызметкерлері 100-ден астам құқық бұзушылықты анықтауға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО ПД күзет қызметін бақылау бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен қала тұрғындарына пульттік күзет жүйелері мен жеке күзет құрылымдарының қызметтері таныстырылды. Іс-шара Петропавлдағы ірі сауда орталықтарының бірінде өтті. Күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы Руслан Данияров атап өткендей, аталмыш бастама СҚО полиция департаментінің 2021-2023 жылдарға арналған мүлікті қорғау бағдарламасын іске асыру аясында қолға алынған.
– Петропавлда және алты аудан орталықтарында пәтерлерді орталықтандырылған бақылау пульттері арқылы күзетуді 14 ұйым жүзеге асырады. Өңірде пульттік күзетке 1170 пәтер мен үйлер қосылған. Соңғы жылдары бұл объектілерде бірде-бір мүліктік қылмыс тіркелмеді. Жеке меншік объектілерінің техникалық нығайтылуы – ұрлық санының азаюына ықпал етудің маңызды факторы, – дейді Руслан Данияров.
Өз қызметтері туралы 7 жеке күзет құрылымының өкілдері айтып берді. Келушілер үй-жайларды дабылға уақытша қосу мүмкіндігі бар екенін білді. Мысалы, демалыс, іссапар кезінде. Қызығушылық танытқандар егжей-тегжейлі кеңес алды. Тұрғындардың бірі осы жерде нақты шешім қабылдап кетті. Петропавлдық құрылыс жұмыстарын бастаған. Енді осы құрылыс объектісін бейнебақылаумен жабдықтауды жоспарлап отыр.
Полицейлердің айтуларынша, өткен жылы облыста пәтерлер мен үйлерде ұрлық жасаудың 327 фактісі тіркелген. Талдау көрсеткендей, мүліктік қылмыстардың жасалуына сенімсіз құлыптар, үйлердің кіреберістерінде және үй маңында домофон мен бейнебақылау жүйесінің болмауы себеп болған.
Күзет қызметін бақылау бөлімінің ақпаратынша, жеке күзет құрылымдарының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, қылмыспен күреске белсенді қатысады. Өткен жылы олардың қызметкерлері 100-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. 200-ден астам құқық бұзушыны ұстап және ішкі істер органдарына жеткізді, күзетілетін объектілерде 26 ұрлық пен құқық бұзушылықтың жасалуын болдырмады.