Ақмола облысында орын алған ЖКО-да Қырғызстан азаматы қаза тапты
Ақмола полицейлері Қырғызстан Республикасының азаматы қаза тапқан жүк көлігі мен жеңіл автокөліктің соқтығысу фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 ақпан күні Жақсы ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне Екатеринбург-Алматы автожолының 922 шақырымында Маn жүк көлігі мен Daewoo Matiz автокөлігінің қатысуымен ЖКО болғандығы туралы телефон арқылы хабарлама келіп түсті.
Алдын ала ақпарат бойынша, Daewoo Matiz автокөлігінің жүргізушісі Қырғызстан Республикасының 64 жастағы азаматы басып озу маневрін жасап, қарсы қозғалыс жолағына шығып, Қарағанды облысының 55 жастағы тұрғынының басқаруындағы Маn жүк көлігімен соқтығысқан. ЖКО салдарынан Daewoo Matiz автокөлігінің жолаушысы Қырғызстан Республикасының 62 жастағы азаматы оқиға орнында қайтыс болды. Жақсы аудандық ауруханасына Daewoo Matiz автокөлігінің жүргізушісі жеткізілді. Жеңіл автокөліктің 18 жастағы және 4 жастағы жолаушылары зардап шеккен жоқ. Автокөліктер автотұраққа қойылды. Сараптама тағайындалды.
ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес Маn автокөлігінің жүргізушісі сау болған.