Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әуе рейсінде тәртіп бұзған жолаушылар жауапқа тартылды

Астана қаласы әуежайындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері әуе кемелерінің бортында және жолаушыларды отырғызу аймағында қоғамдық тәртіпті бұзу деректерінің жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Мәселен, Алматы – Астана бағытындағы рейс ұшып келгеннен кейін әуе компаниясының өкілдері көлік полицейлеріне деструктивті жолаушыны тапсырған. Тексеру барысында 37 жастағы елорда тұрғыны анықталды. Ол ұшу кезінде алкогольдік масаң күйде болып, өз бетінше басқа жолаушылардың орындарына ауысып отырған, әуе көлігіндегі тәртіп қағидаларын бұзып, экипаж мүшелерінің заңды талаптарына бағынбаған.

Құқық бұзушы полицияның кезекші бөліміне жеткізіліп, қоғамдық орында мас күйінде жүргені және әуе кемесіндегі тәртіп ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ер адам 3 тәулікке қамауға алынды.

Осыған ұқсас тағы бір жағдай Астана – Шымкент бағытындағы рейске отырғызу кезінде тіркелді. Бұл жолы 35 жастағы Шымкент тұрғыны алкогольдік масаң күйде әуе компаниясы қызметкерлеріне балағат сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Сондай-ақ басқа жолаушылардың тыныштығын бұзған.

Аталған құқық бұзушылықтар бойынша ер адам қоғамдық орында мас күйінде болғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 5 тәулікке қамалды.

Айта кетейік, екі азамат та бұған дейін бір жыл ішінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Көліктегі полиция департаменті әуе рейстерінің қауіпсіздігі мен жолаушылардың тыныштығын қамтамасыз ету басты басымдықтардың бірі екенін еске салады. Көлік нысандарында қоғамдық тәртіпті бұзудың кез келген әрекеті заң аясында қатаң түрде тоқтатылатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру