Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде тігін цехы ашылды
Абай облысы бойынша ҚАЖ-дың қауіпсіздіні барынша жоғары мекемесінде балалар төсек-орын жабдықтарын тігетін тігін цехы ашылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖ-дың қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде балалар үйлеріне, интернаттарға және сәбилер үйлеріне арналған балалар төсек-орын жабдықтарын тігетін тігін цехы жұмысын бастады. Бүгінде цехта беске жуық сотталған азамат еңбек етуде. Ал алдағы уақытта қосымша тағы 15-ке жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Өндіріс іске қосылғанына бірнеше күн ғана болғанына қарамастан, тігін цехы балаларға арналған мың дана төсек-орын жиынтығын тігуге ірі тапсырыс алып үлгерді. Оның құрамына жайма, жастық тыс және көрпе тыс кіреді. Алғашқы тапсырыс Алматы қаласындағы балалар үйі-интернатына жөнелтіледі.
Сотталғандардың еңбекақысы кесімді түрде төленеді. Орта есеппен бір жұмысшы күніне оннан астам жиынтық дайындайды. Табылған қаражат сот шешімімен тағайындалған талаптарды өтеуге, сондай-ақ отбасыларына көмек көрсетуге бағытталады.
Цехтағы жұмыс сотталғандарға тек ресми табыс табуға ғана емес, сонымен қатар сұранысқа ие мамандықты меңгеруге, тәжірибелік дағдылар алуға және бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге дайындалуға мүмкіндік береді. Болашақта өндірісті кеңейтіп, әйелдер киімін тігетін желіні іске қосу жоспарлануда.
— Тігін цехындағы жұмыс мен үшін ерекше маңызға ие. Дәл осы жерде жұмыс істеп жүргеніме қуаныштымын. Өмірдің түрлі жағдайларына байланысты менің кәмелетке толмаған екі балам қазір балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Әр тапсырысты орындаған сайын, өз балама арнап тігіп жатқандай сезінемін. Сондықтан жұмысқа бар жанымды саламын. Бұл мен үшін балаларға пайдалы болудың әрі олардың алдындағы жауапкершілігімді сезінудің бір мүмкіндігі, — деп бөлісті сотталған азамат.
— Өндірістік қызметті дамыту сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне оң әсер етеді. Біздің міндетіміз — сотталғандардың еңбек дағдыларын меңгеріп, мамандық алып, қоғамға қайта оралуына дайындалуына жағдай жасау. Еңбек адамды тәртіпке үйретеді, жауапкершілікті қалыптастырады және өмірлік құндылықтарды қайта қарауға көмектеседі. Алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Осындай жобалар сотталғандардың пайдалы дағдыларды меңгеруіне, әлеуметтік жауапкершілігін арттыруына және бостандыққа шыққаннан кейін өмірге сәтті бейімделуіне көмектеседі, — деді мекеме бастығының міндетін атқарушы Айдын Қақлелов.
