Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жұмыс кездесуі өтті

Астана қаласында тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша шараларды күшейту мәселесі талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық профилактикасы – еліміздің отбасылық-демографиялық саясатының өзекті мәселелерінің бірі.

Зорлық-зомбылықтың өсуі қоғам мен жеке адамның қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. 2022 жылғы қыркүйекте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма берді.

Бұл Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында да көрініс тапты.

Оны орындау үшін Ішкі істер министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп мынадай заңнамалық өзгерістер әзірледі:

– өтініш беру сипатынан тұрмыстағы құқық бұзушылықтарды тіркеуді анықтау сипатына көшу;
– тараптардың қайта татуласу мүмкіндігін болдырмау;
– тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату.

Осы тақырыпта «Сарыарқа» ауданы әкімдігінде ҚР Президенті Әкімшілігінің, ІІМ және қала әкімдігінің өкілдері, Астана қаласы полиция департаменті қызметкерлері мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат комиссиясы мүшелері қатысқан жұмыс кездесуі өтті.

Жиын барысында “ODARA” тәсілі арқылы тұрмыстағы зорлық-зомбылықты азайту, қайталанып жасалатын құқық бұзушылықты болдырмау, агрессорлармен жұмыс жасау, отбасында дұрыс қалыпты жағдай жасауға мемлекеттік органдар мен қоғам болып атсалысу мәселесі талқыланды.

– Елордалық департамент бұл әдісті енгізуге дайын. Жобаның тиімді болуы тек полицияға ғана емес, барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың өзара қарым-қатынас деңгейіне байланысты, – деп атап өтті Астана қаласы ПД бастығының орынбасары Мұратжан Шакеров.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру