Ақмола полицейлері ҚР аумағында болу мерзімін бұзған Өзбекстанның екі азаматын елден шығарды
Ақмола полицейлері Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімін бұзғаны үшін Өзбекстанның екі азаматын елден шығарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірде «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Ауқымды іс-шараны өткізуге департаменттің барлық бөлімшелерінен 300-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылды, 92 мобильдік топ құрылды.
Жүргізіліп жатқан рейдтік және профилактикалық жұмыстардың басты мақсаты – Қазақстан азаматтарының да, алыс және жақын шетелдерден ҚР аумағына келетін азаматтардың да көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау.
20 ақпанда Целиноград ауданының аумағында Өзбекстан Республикасының екі азаматының көші-қон заңнамасын бұзу фактісінің жолы кесілді. Шетел азаматтары Қазақстан аумағына ағымдағы жылдың қаңтар айында келген және қолданыстағы көші-қон заңнамасына сәйкес 30 тәулік ішінде уақытша тұруды рәсімдеуге не ҚР шегінен тыс жерлерге шығуға тиіс болды. Целиноград аудандық соты шетелдіктерді шығарып жіберу туралы шешім қабылдады.
«Мигрантты» пысықтаудың алғашқы күні ҚР көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ТМД елдерінің 28 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушы шетелдіктерге тұрғын үй бергені және келген шетелдіктер туралы ІІО–ны уақтылы хабардар етпегені үшін 19 ҚР азаматы жауапқа тартылды.
Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде шетелдік жұмыс күші мен еңбекші көшіп келушілерді заңсыз тартудың 7 фактісі анықталды. Ақкөл, Бурабай, Есіл, Целиноград аудандарының және Қосшы, Көкшетау қалаларының тұрғындары жауапкершілікке тартылды.
«Мигрант» 28 ақпанда аяқталады.