Түркістан облысында қайтарымсыз субсидия алып беруге уәде берген алаяқ ұсталды
Түркістан облысында қайтарымсыз субсидия алып беруге уәде берген алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне үш жергілікті тұрғын алаяқтық қылмысы жайлы арыз түсірді. Анықталғандай, алаяқ жәбірленушілердің біреуіне мемлекеттік бағдарлама бойынша оқуға, ал қалған екеуіне қайтарымсыз субсидия алуға көмектесуге уәде берген. Сенімге кірген күдікті үш ауыл тұрғынынан 350 мың теңгеден астам ақша алып, соңында ізін суытқан.
Алаяқтық жасады деген күдіктіні ұстауға Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы мен криминалдық полиция қызметкерлері бағытталды.
Жедел уәкілдер іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жүрген жерін анықтап, оны Астана қаласынан қолға түсірді. Ол Мақтаарал ауданының тұрғыны болып шықты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеліп, күдікті қамауға алынды.
Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.