Қызылордада пробация есебіндегі азаматтарға құқықтық кеңестер берілді
Қызылордада пробация есебіндегі азаматтарға құқықтық кеңестер берілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңақорған аудандық қоғамдық даму бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен аудандық пробация қызметінің ұйымдастыруымен Ордакент ардагерлер, жастар ресурстық орталығында пробациялық есепте тұрған азаматтармен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге аудан прокурорының орынбасары Бауыржан Абдрашит, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов, пробация қызметінің бастығы Анарбек Искаков, «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Наурызбай Орынбасаров қатысты.
Жиын барасында аудан прокурорының орынбасары Б.Абдрашит пробация есебіндегі азаматтарға қайта қылмыс жасамауға,сотпен жүктеген міндеттерді орындауға, белгіленген бақылау тәртібін бұзбауға және отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласында әкімшілік және құқық бұзушылықтар жасамауға шақырды.Сондай-ақ, есептегі сотталғандардың жұмыспен қамтылу, қоғамға, отбасына пайда келтірер іспен айналысу керектігін айтты.
Жастар ресустық орталығының директоры Н.Орынбасаров жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану және қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін мәдени-спорттық шараларға қатысуға шақырды.
Аудандық пробация қызметінің бастығы А.Искаков пробация есебіндегі сотталғандармен қылмыстық құқық бұзушылықтықтардың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Қазіргі таңда аудандық пробация қызметінің есебінде 60-қа жуық сотталған есепте тұр. Жыл басынан есептегі 5 сотталғанға құқықтық көмек көрсетілсе, 5 сотталған тұрақты жұмысқа тұрғызылды. Одан бөлек тағы 2 сотталған аудан әкімінің квотасымен жұмысқа орналастырылды. Қазіргі таңда бір сотталған сот жүктеген міндеттерді орындамай, жаза өтеуден жалтарғаны үшін, жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығына айыру жазасына ауыстыру үшін сотқа ұсыныс жолданды. Есептегі азаматтармен тоқсан сайын кездесулер өткізіліп, құқықтық профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, – деді Анарбек Искаков.
Жиын соңында есептегі сотталғандар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, құқықтық кеңес алды.