Абай облысында сотталған әйелін азаматтық некедегі күйеуі аналық құқықтан айырмақ болған
Абай облысында сотталған әйелін азаматтық некедегі күйеуі аналық құқықтан айырмақ болған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысындағы №23 түзеу мекемесінде ШҚО, Павлодар және Абай өңірінің әйелдері жазасын өтеп жатыр. Бас бостандығынан айырылған әйелдер мекеме әкімшілігіне әрдайым заңгерлік сұрақтар бойынша көмекке жүгіне алады. Сотталғандардың Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес консультациялар, анықтамалар, құқықтық құжаттардың жобаларын жасау нысанында, сондай-ақ Республика заңдарында белгіленген тәртіппен өзге де нысандарда білікті заң көмегін алуға құқығы бар.
Мекеме қызметкерлері қызметтік міндеттерін орындау барысында түрлі құқықтық мәселелерге тап болады. Сондай жағдайдың бірі, сотталушы Алена А. мекеме заң кеңесшісіне кәмелетке толмаған екі баласынан аналық құқықтан айыру туралы талап қою мәселесі бойынша заңгерлік көмек пен кеңес алу үшін жүгінген.
– Бұл әрекет 2 айға созылды. Мекеменің заңгері Ботагөз Рахимбердина аналық құқығымды қорғауда кәсіби көмек көрсету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланды. Қосымша материалдар сұралды, менің пайдама куәгерлерді тарту туралы өтініштер жасалды. Заңгердің тынымсыз, тиянақты және сапалы жұмысының нәтижесінде сот менің азаматтық некедегі күйеуімнің аналық құқықтан айыру туралы өтінішін қанағаттандырусыз қалдырды. Әлі ер жетпеген ұлым – 6 жаста, қызым – 4 жаста. Заңгердің сауатты көмегінің арқасында мені аналық құқықтан айыруға еш себептің жоқтығын дәлелдей алдық. Бұл жағынан сот мені қолдап, әділ шешім шығарды, — дейді сотталған Алена.
Сотталған Алена есірткі сақтап, таратқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
Әйелдер колониясында 200-ге жуық сотталған әйел жазасын өтеп жатыр. Соған қарамастан бас бостандығынан айырылған сотталғандар балаларымен араласуға құқылы. Оларға балалармен хат алмасып, қоңырау шалуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар қысқа және ұзақ мерзімді кездесулер де қарастырылған.
Сотталған әйелдердің күйеулері мен туыстары жазасын өтеп жатқан кезде алимент төлемегені үшін, сотталғанға дейін бала тәрбиесімен айналыспағаны үшін, ішімдік пен есірткіні пайдаланғаны үшін оларды аналық құқықтан айыруға өтінішпен жиі жүгінеді.
Бүгінгі күнде мекемеде бес сотталған әйел аналық құқықтан айырылған.
– Сотталғандар Елбасының жолдауында кәмелетке толмаған балаларға шот ашу және осы шоттарға мемлекеттік компаниялардың қызметінен түскен қаражатты аудару туралы ақпаратқа қызығушылық танытып отыр. «Жеке тұлғалардың банкроттығы» тақырыбы да талқылану үстінде. Көптеген сотталғандар осы заңда берілген мүмкіндікті пайдалануды қарастырып жатыр, – деп түсіндірді мекеменің заң кеңесшісі Ботагөз Рахымбердина.
Сотталғандардың Қазақстан Республикасының заңнамасына деген қызығушылықтары олардың түзелуіне және заңға бағыну қалыптастырады. Бұл көрсеткіш Абай облысындағы №23 мекеме қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының Қылмыстық атқару Кодексінің мақсаттары мен бағыттарын табысты жүзеге асырып жатқанын білдіреді.