Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда мас күйде көлік жүргізген жүргізуші ұсталды

Павлодарда мас күйде көлік жүргізген жүргізуші ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Патрульдік полиция қызметкерлерінің назарын Chevrolet Cruze  автокөлігі аударды. Құжаттарды тексеру барысында полицейлердің күдігі расталып, жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шыққаны анықталды. Медициналық куәландыру оның мас күйде болғанын дәлелдеді.

Алайда Павлодар қаласындағы Камзин көшесі, 56-үй маңында тоқтатылған Chevrolet Cruze жүргізушісіне қатысты жағдай бұдан да күрделі болып шықты. Дерекқор арқылы жүргізілген тексеру кезінде ер адамның бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды.

— Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның мас күйде қайтадан рөлге отыруы қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Заң мас күйде қайта көлік басқарған жүргізушілерге қатаң қарайды. Бұл — жай ғана жол қозғалысы ережесін бұзу емес, қоғамдық қауіпсіздікке қарсы жасалған қылмыс, — дейді Павлодар облысы полиция департаменті.

Полиция рөлге отыратын әрбір азаматқа жолдағы жауапкершілікті естен шығармауға шақырады. Мас күйде көлік жүргізу арқылы адам тек өз өмірі мен еркіндігіне ғана емес, айналасындағы жаяу жүргіншілердің, балалардың және өзге де азаматтардың өміріне қауіп төндіреді.

Естеріңізге сала кетейік, алкоголь мен рөл — мүлде үйлеспейтін ұғымдар. Ал көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан заңды айналып өту әрекеті қылмыстық жауапкершілікке және өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылуға әкелуі мүмкін.

Өз тағдырыңызды қауіпке тікпеңіз және өзгелердің өміріне қатер төндірмеңіз. Егер алкоголь ішкен болсаңыз — такси немесе жүргізуші қызметін пайдаланыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру