Атырауда автокөліктің қарсы бағытқа шығу дерегі дрон арқылы анықталды
Атырауда автокөліктің қарсы бағытқа шығу дерегі дрон арқылы анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе – Атырау – Астрахань республикалық маңызы бар автожолының 547-шақырымында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу дерегі тіркелді. Полиция қызметкерлері дрон көмегімен жүргізген бақылау барысында Toyota Camry автокөлігі жүргізушісінің жолдың көлденең таңбасымен белгіленген тұтас сызықты кесіп өтіп, "Басып озуға тыйым салынады" жол белгісінің талабын бұза отырып, қарсы қозғалыс жолағына шыққаны және басып озу әрекетін жасағаны анықталды.
Көлік құралы тоқтатылып, жүргізушімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Полиция қызметкерінің әрекеті қызметтік бейнежетонға тіркелді.
Аталған құқық бұзушылық бойынша жүргізушіге қатысты тиісті әкімшілік хаттама толтырылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері дрон көмегімен жол қозғалысы ережесін бұзудың 100-ге жуық дерегі анықталған.
Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды жол белгілері мен жол таңбаларының талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Қарсы қозғалыс жолағына шығу — ауыр жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін аса қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі.
