Жетісу облысында полиция полиция ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді
Жетісу облысында полиция полиция ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Цифрлық сауаттылықты арттыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында Жетісу облысы киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының полиция қызметкерлері “ДАМУ” қорының қызметкерлерімен киберқауіпсіздік және жеке деректерді қорғау мәселелеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері қазіргі таңда азаматтар жиі тап болатын интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы жан-жақты баяндады. Атап айтқанда, жалған инвестициялық ұсыныстар, тауар сатуға қатысты жалған хабарландырулар, таныстардың атынан ақша аударуды сұрайтын хабарламалар, сондай-ақ күмәнді сілтемелер мен қоңыраулар арқылы пайдаланушылардың жеке мәліметтерін алу тәсілдері жөнінде айтылды.
Қызметкерлерге алаяқтық әрекеттердің белгілерін қалай анықтауға болатыны, күмәнді хабарламаларға қалай дұрыс әрекет ету керектігі, сондай-ақ растау кодтарын, банк деректерін және жеке ақпаратты бөгде адамдарға берудің қауіптілігі түсіндірілді.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, цифрлық технологиялардың дамуына байланысты қаскөйлер де алдау тәсілдерін үнемі жетілдіріп отырады. Сондықтан әрбір интернет пайдаланушысы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтап, онлайн-ресурстарды пайдалану кезінде барынша мұқият болуы қажет.
— Бүгінде интернет-алаяқтық ең кең таралған қылмыс түрлерінің бірі болып отыр. Әр адамның басты қорғанысы — қырағылық, сақтық және алаяқтық белгілерін тани білу. Күмәнді сілтемелерге, бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға және оңай табыс табуды ұсынатын ұсыныстарға сенбеу керек, — деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Кездесу соңында қатысушыларға цифрлық кеңістікте жауапкершілікпен әрекет етудің маңыздылығы ескертіліп, алаяқтық фактілеріне тап болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажеттігі айтылды.
