Жамбылда «Полиция барысы» анықталды
Жамбыл облысында «Полиция барысы» анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Динамо» спорт кешенінде Жамбыл облысы полиция қызметкерлерінің арасындағы қазақ күресінен «Полиция барысы» турнирi өз мәресіне жетті. Жарыс қорытындысында сөз алған облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин қатысушыларды құттықтап, алдағы үлкен сайысқа сәттілік тіледі.
– «Полиция барысы» – қызметкерлерді рухани нығайтып, ұлттық спортымызды дәріптейтін ауқымды іс-шара. Біздің қызметкерлеріміз қашанда лайықты өнер көрсетіп, үлкен додаларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Сондықтан алдағы уақытта да тек жеңіс тұғырынан көрінетінімізге сенімдімін, – деді облыстың бас полицейі.
Екi күнге жалғасқан жекпе-жектi Бейбіт Ыстыбаев, Ақжүрек Таңатаров сынды чемпиондармен бiрге, Қазақстан Республикасы қазақ күресiнен еңбек сіңірген белгілі жаттықтырушылар тамашалап, төрелiк жасады. Нәтижесінде турнирдiң қола жүлдеci жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерi Бахыт Галиакпаровқа бұйырса, күміс жүлдесiн осы жасақтың тағы бiр қызметкерi Бегімхан Әділбеков иеленді. Ал 90-ға жуық полиция палуаны бақ сынаған күресте оқу-жаттығу взводынан қатысқан Ерлан Махмутов «Полиция барысы» атанып, алтын белбеудi белiне байлады.
Сондай-ақ үздік өнер көрсеткен жарысқа қатысушылар салмақ дәрежесі және командалық есеп бойынша да марапатталды. Сонымен командалық есепте жүлделі үшінші орын ПД патрульдік полиция батальоны командасына бұйырса, екінші орынға Қордай аудандық полиция бөлімінің командасы лайық деп танылды. Ал бірінші орынды Тараз қаласы полиция басқармасының командасы жеңіп алды. Жеңiмпаздар ПД дипломдары, медальдерi, кубоктарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.