Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сәуле Өмірзаққызы: «Халықаралық деңгейде де құқықтық көмек көрсетеміз»

Тергеу саласының басты міндеттерінің бірі – анықтап, сараптауды, тергеуді, лауазымдық және жалпы қылмыстық істер бойынша, жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті көздейтін жедел іздестіру қызметі мен оның өзге мақсат-мүдделерін іске асыратын мемлекеттік органның биыл 60 жылдық мерейтойына орай Polisia.kz. сайтының тілшісі ҚР ІІМ тергеу департаменті ұйымдастыру-әдістемелік басқармасының ерекше маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, Батыс және Орталық Азиядан (ARIN –WCA) активтерді қайтару жөніндегі ведомствоаралық желінің байланыс қызметкері – Сәуле Зияхановамен сұхбат құрып қайтты. Негізгі мақсаты мемлекет қауіпсіздігі үшін елеулі еңбек атқарып жүрген тергеу ісінің мамандарының қызығы мен шыжығы мол жауапты қызметімен халықты таныстыру.

Қош келдіңіз! Сәуле Өмірзаққызы, биыл тергеу ісіне 60 жыл толады. Мерейтойларыңыз құтты болсын!

Қош көрдік! Көп рақмет!
Сіз бұл салаға қалай келдіңіз, толығырақ айтып өтсеңіз…
Мен бұл салаға 1996 жылы келдім. Жалпы Ішкі істер органында қызмет етіп жүргеніме 27 жыл толады. Ең алғаш анықтау бөлімінен бастадым. Сонымен уақыт өте тергеуші болып тағайындалдым. Ең алғаш жас маман болып келгенімде бұл іс өзіне баурап алды. Мәселен, мен келген кезең біздің еліміз алғаш тәуелсіздік алып, енді ғана діңгегі қалыптаса бастаған қиын қыстау кезең болатын. Сол кезде қылмыспен күрес, сондай-ақ мұқтаж жандарға көмек көрсетуді парызымыз деп білдік.
Тәуелсіздік алғаннан кейін, біраз уақытқа дейін халық үшін ауыр кезең болды. Сол кездері, әдетте ер адамдар атқаратын қызметті таңдағаныңызға отбасыңыз қарсы болмады ма?
Жалпы біздің тамыры терең тарихымызда батыр қыздар көптеп болған. Иә, шынымен, ол кезде қыз балалар аз болды, дегенмен, менің осысалаға келгенімде тек қолдау көрсетіп, отбасымменімен мақтанды.
Сіз үшін қуаныштымын! Жұмыс барысында норматив тапсырасыздар. Жалпы бұл процесс қалай өтеді?
Ешқандай қиындық жоқ. Оның үстіне қазір норматив жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отырады. Дегенмен, одан өту кез келген қызметкердің міндеті. Тәжірибе барысында көзімнің жеткені – шұғыл жайт орын алған сәтте тек өз күшіңе сенесің. Бірде қылмыскер қарсыласып, өзімізге шабуыл жасаған кезі болған. Сондай жағдай орын алған сәтте қызметкер дайын болуы тиіс.
Бұдан бөлек қызмет аясында қандай қиындықтар кездеседі?
Тергеу бөлімінің қызметі өте көп еңбекті талап етеді. Мәселен, мен алғаш қызметке келгенімде, маған: «Жақсы қызмет атқарсаң, тергеуші боласың», – деген болатын. Ол кезде анықтау бөлімінің барлық қызметкері ортақ бір кабинетте отыратынбыз. Ал тергеушілердің өз кабинеттері, өзінің жазу машинкасы болды. Енді жұмысқа келген қызметкер үшін ол арман еді. Сол тергеуші болуды мақсат етіп, соған қол жеткізе білдік. Жалпы кез келген жұмыстың жеңілі жоқ. Тек еңбек етсең, жемісін көресің.
Сөзіңізді құптаймын. Айтыңызшы, осындай ширек ғасырға жуық уақыт ішінде әлі де ашылмай келе жатқан істер бар ма?
Мен дәл қазір тергеудің басы-қасында емеспін. Қазіргі күні Ішкі істер министрлігіндегі менің бағытым – халықаралық серіктестік. Әрине, бұл да ІІМ-ге негізделген тергеушінің шағын ғана процессуалдық шешімі. Тергеу департаменті қызметінің маңызды бағыттарының бірі сотқа дейінгі қылмыстық іс жүргізу саласындағы халықаралық ынтымақтастық. Қылмыстық іс жүргізу құқығының мақсаттарына қол жеткізу үшін қылмыстық істер бойынша халықаралық құқықтық көмек көрсету саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын және заңнамасын іске асыру аса маңызды. Менің негізгі міндетім – халықаралық тапсырма, яки істер. Тәжірибемнің молдығының арқасында бүгінгі күні тек Қазақстан аумағындағы істердің ғана емес, сонымен қатар шетелдерден де қылмыстық істер жөнінде құқықтық көмек сұрап, кеңесімізге жүгінетіндермен де бірлесіп жұмыс жасаймыз. Осы тарапта түскен өтініштерді анықтап, сараптау – негізгі нысан ретінде саналады. Кейіннен сол іске қатысты реттеп, бағыт береміз. Бұл қызметтің ерекшелігі – тек Қазақстан Республикасының емес, сондай-ақ өзге де мемлекеттердің процессуалдық әрекетінен хабардар болып, тікелей байланыста болуыңды талап етеді.
Керемет! Бұл да Қазақстанның өзге мемлекеттермен терезесінің теңдігінің дәлелі ғой! Не дегенмен, қазір ХХІ ғасыр, жаһандану процессі дегендей, ал халықаралық серіктестікке қандай өзгерістер бар?
Қылмыстық іс жүргізу құқығының мақсаттарына қол жеткізу үшін қылмыстық істер бойынша халықаралық құқықтық көмек көрсету саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын және заңнамасын орындау маңызды мәселе. Мемлекетіміз дамыған сайын орын қылмыстардың да шекара асып жатқандары бар. Сол негізде мемлекеттермен шарт жасасуға қатысты жұмыс жалғасып жатыр.
Халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде әрқашан ашықтық қағидатын ұстанып, халықаралық шарттар мен ұлттық заңнамаға сәйкес шет мемлекеттердің құзыретті органдарына мүмкіндігінше құқықтық көмек көрсетуге тырысу қажет. Халықаралық сұраныстарды орындау кезінде қосарлы қылмыстылық принципін басшылыққа алу қажет. Бұл саладағы ынтымақтастықтың негізгі бөлігі ТМД елдеріне тиесілі, олармен қарым-қатынастары тиісті конвенциялармен реттеледі.
Қазіргі уақытта Кишинев конвенциясы оны ратификациялаған жеті мемлекет: Қазақстан Республикасы, Әзірбайжан Республикасы, Беларусь Республикасы, Армения Республикасы және Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасында әрекет етеді.
Ресей Федерациясы, Грузия, Молдова, Түркіменстан және Украина сияқты ТМД-ға құрамындағы мемлекеттермен ынтымақтастықта Минск конвенциясы қолданылады. Қолданыстағы келісімшарттық базаға қарамастан, тергеу департаменті қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және экстрадициялау саласында оны шет мемлекеттермен кеңейту бойыншасараптама жұмысын жалғастырып жатыр.
Заңнаманың жетілдірілуіне, сондай-ақ орын алған әлеуметтік-экономикалық және құқықтық өзгерістерге байланысты Батыс және Орталық Азияның бейресми ведомствоаралық желісі арқылы қылмыстық жолмен алынған шетелден алынған активтерді жедел анықтауға жаңа мүмкіндіктер ашылды. (ARIN-WCA). Бұл бағыттағы жұмыстар ұрланған мүліктің көлеміне қарамастан барлық жағдайда толық көлемде жүргізілуі тиіс.
Атап өткенімдей, кез келген халықаралық келісім ратификациядан өтеді. Сондай келісімдердің бірі заттай дәлелдемелерді беру (қару-жарақ, есірткі және т.б.) негізделді. Осындай процесстерді біз бас прокуратурамен бірлесіп шешеміз. Сондай-ақ адам саудасы, порнографиялық материалдарды тарату, қазіргі белең алған алаяқтық, интернет-алаяқтық, қаржы пирамидалары сынды істер трансшекаралық істер. Атап кететін жайт, егер іс кәмелетке толмағандарға қатысты болса, біз оны арнайы қатаң бақылауға аламыз. Менің айтпағым, халықаралық серіктестік негізінен барлығын қамтиды.Оның себебі – біз істі эксперт ретінде бағалаймыз…ал жаһандануға келер болсақ…мен қызметтік жолды бастаған жылдары бізде бәрі қағаз түрінде еді, архивтегі құжаттар барлығы солай сақталып, бізге компьютерді енді ғана үйретіп бастаған кез еді. Ал қазір цифрландыру өте жақсы дамып келеді. Қазір мұрағаттан бөлек, тіпті қылмыстық істер онлайн сарапталады. Мәселен, мұндай тәжірибе тек Англия мен Қазақстанда бар. Яғни, біз алдыңғы тапта жылжып келеміз. Бұрындары қолмен толтырып, оны елден елге жеткізу уақытты алатын болса, қазір тергеуші тіпті өзге елден келген өтініштерді бір сәтте-ақ онлайн ала алады. Қазір жаңашылдық өте көп. Дегенмен барлық процесс бәрібір де тергеушінің тәжірибесі мен кәсібилігіне келіп сүйенеді.
Халықаралық дәрежеде қылмыс орын алған жағдайда ең бірінші орында не нәрсеге мән бересіздер?
Негізінен кез келген қылмысты индивид ретінде қарастырған жөн. Ішінен бөліп-жарып қарайтынымыз жоқ. Тек аса резонанс тудыратын істерде жедел қызметті еселете түсеміз.
Сіздің естеліктеріңізден сондай бір іс жайында бөлісе аласыз ба?
Бахрейндегі істі атап өтер едім. Осы істе өте жедел әрекет ету керек болды. Одан бөлек Грузияда орын алған қазақстандық бойжеткенге қатысты істе де біз әр сәтті жіберіп алмауға тырысып бақтық. Әрине, мен заңнамаға сәйкес барлық мән-жайды ашып айтуға құқығым жоқ. Дегенмен осы істер резонанс тудырып, біз өзге мемлекеттермен тікелей байланыстан ажырамауға мәжбүр болдық.
Сіз атап өткен жағдайларда оларды жәбірленуші деп таныды. Ал өзге елде істі болған Отандастарымыз қалай болмақ?
Иә, дұрыс айтасыз, біз өзге елге барып істі болған Отандастарымызды жәбірленуші деп танып жатамыз. Алайда заң айналасында, құқық бұзушылық расталған жағдайда, аталған тұлғаға қатысты сол мемлекет шешім шығарады. Бірақ оның барлығы Сыртқы істер министрлігінің назарында болады.
Кәсібилік демекші, осы кәсіптегі қызмет жылдарының аралығында басыңыздан кешірген қызықты оқиғамен бөліссеңіз…
Алғаш осы салаға ауысқан кезім еді. Бірде әріптесім екеуміз жұмыстан кеш шығып, үйге қайтып бара жатқанбыз. Айнала қап-қараңғы. Біз теміржолдың бойымен келе жатыр едік. Бір уақытта бір әйелдің көмек сұрап айғайлаған дауысы естілді. Дауысты ести сала, әріптесіме қарасам, әріптесім әп-сәтте қасымда жоқ, шыққан дауысқа жүгіре кеткен. Мен сасқанымнан, оның артынын жүгіре кеттім. Тіпті аяқ асты көрінбейді, көшеде шам да жоқ. Әйтеуір, әлгі дауысқа жетіп, әйелге шабуылдаған азаматтан құтқарып қалдық. Сол кезде әріптесімнің жас та болса, кәсібилігіне сүйсіндім. Олай деуімнің себебі, тергеу ісі өзіңнен бұрын өзгенін қауіпсіздігін ойлап, биік қоятын мамандық.
Полиция қызметкері болу – өзіңе берілген тапсырмалар мен жұмыстан бөлек, тіпті жұмыстан шыққан сәтте де сол жауапкершіліктен жалтармау. Кейде жұмыстан шыққан соң да, асығыс болсаң да сенің көмегіңе мұқтаж адамды көрсең, сол адамға көмектеспей кете алмайсың. Аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат назарыңды алатын қызмет деп білемін…Негізінен қызығы мен шыжығы қатар жүретін сала. Айта берсең көп.
Сіздің айтқандарыңызға қарап, ой түйіп отырмын. Жоғарыда атап кеткеніміздей, мұндай істерде әдетте ер адамдар қызмет атқарады. Оның үстіне біз патриархалды қоғамда өмір сүреміз. Осы тараптан қызметте қандай өзгешеліктер бар?
Негізінен алғаш келгенімде зорлық-зомбылық істерін ер азаматтар тергейтін. Ал қазіркерісінше, атаулы істерді нәзік жанды қызметкерлер тергейді. Бұл негізінен өте жақсы өзгеріс. Себебі, кезінде ер адамға ашылып айта алмайтын болса, қоғамда қалыптасқан «ұят» рамкасына салып қойса, қазір ол жағынан жеңілірек. Жалпы, ер азамат деген атауына сәйкес қызметкерлер де әйел затына аса қамқорлықпен қарайды. Алғаш қызметке келгеніңде үйренісіп кетуіңе де, жедел шешім қабылдауға да қолдарынан келгенше көмек қолын созады. Өйткені қызмет жынысқа бөлінбейді. Ол – тергеушінің кәсібилігі мен бойында келіскен табандылық, шыдамдылық, ұстамдылық деген қасиеттердің жемісі.
Келісемін. Алайда, моральді тұрғыдан шаршаған сәтте өзіңіздің салқынқандылығыңызды қалай сақтап қаласыз?
Алғаш қызметке келгенімде өзгелердікіндей, менің де тәлімгерім болды. Ол кісі үнемі қандай жағдай болмасын адамның абыройын төмендетпеу керектігін айтып отыратын. Дәл солай, жұмысың сенің уақытыңның 90%-ыналған кезде, әріптестерің мен жақындарыңның қолдауы көмектеседі.
Өзіңіз атап өткендей, 90% уақытты алатын жұмыс пен отбасыны қатар алып жүру қиын емес пе?
Өте қиын. Баламның кішкентайында тіптен қиын болды. Бірақ сол сәтте ата-анамның қолдауы мен үшін таптырмас көмек болды. Мен оларға қолдау үшін алғысымды білдіремін!
Сәуле Өмірзаққызы, сіздің естеліктеріңізге қайтып оралсақ. Алғаш қызметке келгенде қандай арман-мақсаттарыңыз болды? Соларға бүгінгі күні қол жеткізе алдыңыз ба?
Енді ғана тәуелсіздік алған мемлекет болғандықтан еліміздің басынан қиын кездер өтіп жатты: жұмыссыздық, көптеген құқық бұзушылықтар болды. Сол сәттерді басынан кешіріп, алғаш жұмысқа орналасқанымызда тек мен ғана емес, менімен қатарластардың бәрінің тек бір ғана арманы болды. Ол – діңгегі берік мемлекетке айналу. Барынша әлеуметтің жақсы өмір сүргенін қаладық. Сол арманға жету үшін, әділеттілікті орнатуды мақсатымыз деп таныдық…мен сіздің сұрағыңыздан кейін терең ойға шомып кеттім. Сол арманымызға жете алыппыз. Себебі біздің еліміз қазіргі күні өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда алда. Қазір тек біздің салада ғана емес, барлық жағынан мүмкіндік өте көп. Біздің кезіміздегі арманымыздан асып түстік. Қазір жастарда да мүмкіндік көп. Олар жастайынан тілдерді меңгеріп, оқуға, үйренуге ашық. Біздің жастар – озат. Мен олармен мақтанамын!
Сенім білдіргеніңізге, сұхбатыңызға рақмет! Еңбегіңіз елеулі болып, жемісін көріңіз!
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру