Жамбылда масаң күйде көлік басқарған жүргізушілер анықталды
Жамбыл облысы ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері түнгі уақытта Тараз – Аса тас жолында және Тараз қаласында әкімшілік аумақты тексеру кезінде автокөлікті масаң күйде басқарған жүргізушілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Mercedes және Volkswagen Passat автокөліктерін тізгіндеген 49 және 39 жастағы әйелдер анықталды. Жүргізушілердің бірі 5 баланың анасы екендігін айтып, полиция қызметкерлерінен бірінші рет орын алған жағдай үшін кешірім беріп, үйіне жіберуін сұраған.
Ал, екінші азаматша 2022 жылдың желтоқсан айында сот шешімімен мас күйде көлік жүргізгені үшін көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырылғанына қарамастан, қайтадан мас күйде рөлге отырған. Тәртіп бұзушы полиция қызметкерлері ұстайды деп ойламаған.
39 жастағы әйел ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Патрульдік полиция батальонының инспекторлары көп балалы анамен мұндай әрекеттер оған және оның балаларына кері әсер етуі мүмкін екендігі туралы профилактикалық әңгіме жүргізді.
49 жастағы азаматшаға қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Соттың қаулысымен тәртіп бұзушы 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
– Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі біздің негізгі міндеттеріміз – жол ережелерін бұзудың, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Күнделікті полиция қызметкерлерімен жол-көлік апаттарын болдырмау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіледі. Алайда, жүргізушілер жол қозғалысының негізгі ережелерін елемей, өздеріне ғана емес, жолаушыларына да қауіп төндіретін жағдайлар жиі кездеседі. Әсіресе, баламен жүретін әйел азаматшалардың мас күйде көлік жүргізуі бір отбасының өміріне үлкен қауіп екенін есте ұстау қажет. Басқа жүргізушілерге сабақ болуы үшін бұзушылықтар жасаған жүргізуші әйел азаматшалар жауапкершілікке тартылатын болады, – деді Жамбыл облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікенов