Қостанай облысында полицияның сервистік моделін енгізу жұмыстары атқарылып жатыр
Қостанай облысында полицияның сервистік моделін енгізу бойынша жұмыстар қалай жүргізіліп жатқаны туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Алексей Милюк өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте полицияның жұмыстың сервистік моделіне көшу процессі туралы айтты.
Алексей Милюк атап өткендей, бұл жұмыстың басты векторы полицияның қадамдық қолжетімділік принципі болды. Өткен жылы өңірде 5 ауылдық учаскелік полиция пункті ашылды. Тобыл, Жітіқара және Рудный қалаларында модульдік полиция бекеттері пайдалануға берілді. 70 бірлік автокөлік және 105 бірлік компьютерлік техника сатып алынды. Облыс орталығына қарасты Қонай және Әуежай шағын аудандарында жаңа учаскелік полиция пункттерін ашу мәселесі шешіліп жатыр.
– Қажеттілік бар жерлерде полицияның тұрақты болуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Полиция қызметкерлеріне бейнеқоңырау арқылы онлайн форматта азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін «102» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Оның көмегімен 180-нен астам адам полицияға жүгінді, – деді Алексей Милюк.
Екінші вектор – оңтайлы және тиімді жұмыс процесстері. Цифрлық технологиялар белсенді түрде іске қосылып жатыр. Мәселен, Қостанай полицейлері бейнекамералар арқылы көлік ағынында қауіпті жүргізушіні анықтауға мүмкіндік беретін «Қорғау» цифрлық бағдарламасын қолданып жүр. Сонымен қатар биыл облыс орталығының қиылыстарында 60 «Сергек» кешені мен 1000 жалпы бейнебақылау камерасы орнатылатын болады. Соттарда әкімшілік істерді қарау процессін оңтайландыру бойынша мәселелер пысықталып жатыр. «Онлайн-соттар» енгізілмек.
Дебюрократизация және міндеттерді оңтайлы бөлу учаскелік қызметкерге өз учаскесінде көбірек болуға және негізгі міндеттерін орындауға, ең алдымен халықпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Үшінші вектор-қызметкерлерге үздіксіз білім беру, кәсібилік пен қарым-қатынас дағдыларын арттыру. Ол үшін полиция департаменті Қостанай облысында 2023-2026 жылдарға арналған үлгілі полиция мәдениетін қалыптастыру тұжырымдамасын әзірледі.
– Тұжырымдама кадрлық жалдау, кәсіби күйіп қалуды және деформацияны азайту, өтініш берушілермен жұмыс істеу тәсілдерін өзгерту секілді бірнеше негізгі бағыттардан тұрады. Тұжырымдаманы іске асыруда өз көмегін көрсетуге жоғары және арнаулы орта оқу орындары тілек білдірді. Олар өз кафедралары мен мамандарын жеке құрамға азаматтармен қарым-қатынас тетіктері мен тәсілдерін үйрету үшін ұсынуға дайын. Бұл бағыттарды іске асыру қазірдің өзінде нәтиже беруде. Мысалы, полиция органдары мен Азаматтарға арналған қабылдау бөлмелерінің әкімшілік ғимараттарында QR-кодтар орналастырылған. Олар бойынша азаматтар полицияның көрсетілетін қызметтері мен іс-әрекеттеріне баға бере алады. Сондай-ақ өз ұсыныстары мен ескертулерін енгізе алады. Бір айдан астам уақыт жұмыс жасалған жұмыс нәтижесінде біз облыстың 80 тұрғынынан кері байланыс алдық. Бұл мәліметтер үнемі қадағаланып тұрады, соның негізінде біз өз қызметімізде нені өзгерту керектігін көреміз. Полиция қызметкерлерін «integrity chek» тетігінің көмегімен парасаттылыққа тексеру басталды, – деді Қостанай облысы ПД бастығының бірінші орынбасары.
Жалпы, брифингте ІІМ полиция жұмысының қазақстандық сервистік моделіне көшудің ұлттық стратегиясын әзірлеп жатқаны атап өтілді.
Бұл жұмысқа барлығы қатыса алады. Ол үшін ІІМ сайтында әрбір азамат қолайлы және қауіпсіз өмір сүру жағдайларын жасауға өз үлесін қоса алатын арнайы бет құрылды.