Павлодар облысында ер адам анасымен жанжалдасқаны үшін қамауға алынды
Павлодар облысында ер адам анасымен жанжалдасқаны үшін қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сағат 08.30-да Чигириновка ауылында 53 жастағы ер адам бірге тұратын әйелі екеуі мас күйде 73 жастағы анасына қарсы жанжал шығарған.
– Азаматтық ерлі-зайыптылар балағат сөздер айтып, анасының тыныштығын бұзды. Ұлының қорлауына төтеп бере алмаған анасы жанжалды шешу үшін полиция шақырды. Келгеннен кейін учаскелік полиция инспекторы 19 ақпанда зейнеткердің қауіпсіздігі мақсатында ұлының атына 30 тәулік мерзімге қорғау ұйғарымы шығарылғанын анықтады. Алайда ұлы сабақ алмаған. Қайтадан анасымен жанжалдасқан. Оның отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қарсы іс-қимылдар жасауына байланысты бірге тұратындар – отбасылық жанжалқорларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігі және 461-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал жасалды, – деді Павлодар облысы Шарбақты ауданы полиция бөлімінің бастығы Нұрғали Омарбеков.
Материалдар сотта қаралды, оның шешімі бойынша бұзақылар 2 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.