Екібастұз тұрғыны есірткілік мас күйде көлік басқарған
Екібастұз тұрғыны есірткілік мас күйде көлік басқарған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күн сайын патрульдік полиция ротасының полицейлері облыстың автожолдарында жол қауіпсіздігін қорғау бойынша жұмысты жүзеге асырады.
– Өткен тәуліктің өзінде тәртіп сақшылары 80 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Олардың ішінде жарық құралдарының ережелерін бұзғаны үшін 21 жүргізуші жауапқа тартылды. 16 жүргізуші техникалық ақаулы жағдайда көлік басқарған. Көлікті құжаттарсыз жүргізген 6 жүргізуші анықталды. Көлік құралын мас күйінде жүргізгені үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және жеті жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыру көзделген, алайда облыс жолдарында да осы ережені елемейтін жүргізушілер кездеседі. Мас күйінде қайта жүргізгені үшін жүргізушіге қылмыстық жауапкершілік жүктеледі, – деді Павлодар облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі Азамат Қалиақпаров.
Мысалы, 30 наурызда сағат 01:35 шамасында Павлодар – Қызылорда автожолында тәртіп сақшылары ВАЗ-21093 автокөлігін тоқтатты. Әңгіме барысында жүргізушінің жағдайы тәртіп сақшыларына күдік туғызғандықтан, оны медициналық куәландыруға жіберді. Қорытындыға сәйкес, 38 жастағы жүргізуші, Екібастұз қаласының тұрғыны есірткілік мас күйде болған.
Қасақана бұзушылық жасаған бұзақыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Көлік құралы арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Енді жүргізушінің тәртібі сотта қаралады.
– Құрметті жүргізушілер, өзіңізді, жолаушыларды және жаныңыздағы басқа адамдарды қауіп-қатерден сақтаңыз. Туыстарыңыз бен жақындарыңыздың амандығы сіздерге байланысты, – дейді полиция қызметкерлері.