Маңғыстаулық ҚАЖД қызметкері республикалық самбо күресінен қола медаль жеңіп алды
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД қызметкері республикалық жауынгерлік самбодан қола медаль жеңіп алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №77 мекемесінің режим бөлімінің бақылаушысы Гаухар Серікова самбо күресінен ҚР Чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Чемпионат Қарағанды қаласында өтті.
Ауқымды іс-шараға еліміздің 16 облысынан және 4 қаласынан 20 команда қатысты. Татамиде 700 спортшы ерлер мен әйелдер өздерінің күші мен ептілігін көрсетуге шықты.
25 жастағы Гаухар Серікова 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шығып, жеңіске жетті. Ол Астана, Қарағанды және Түркістан қалаларының спортшыларымен төрт жекпе-жек өткізді. Нәтижесінде Түркістаннан келген қарсыласынан ұпай бойынша жеңіліп, үшінші орынға ие болды. Гаухардың айтуынша, бұл жеңіс оған болашақ Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік берді. Қазір оның барлық күші маңызды спорттық іс-шараға дайындалуға бағытталған.
Айта кету керек, Гаухардың Қарағандыдағы жеңіс оның алғашқы спорттық жетістігі емес. Өткен жылы қоян-қолтық жекпе-жектен республикалық жарыста күмісті жеңіп алды.
Сонымен қатар Қостанай қаласынан тергеу изоляторының режим бөлімінің бақылаушысы, қатардағы жауынгер Бақжан Мұсабеков медальмен оралды. 22 жастағы жігіт ҚР ІІМ Қостанай академиясында оқып жүріп, тыңдаушылар арасында жауынгерлік самбодан жарысқа қатысты. Ол өзінің салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды.