Абай облысының тұрғындары полицияға 65 бірлік тіркелмеген қару тапсырды
Абай облысының тұрғындары 65 бірлік заңсыз сақталған атыс қаруын полицияға тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл сайын 2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасының аумағында үкімет қаулысының негізінде халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде сатып алу бойынша акция өткізіледі. Ағымдағы жылы бұл акция 10 сәуірден басталды.
Акция шеңберінде заңсыз сақталған қаруы немесе оқ-дәрілері бар кез келген азамат ішкі істер органдарының бөлімшесіне жүгініп, оларды тапсыра алады. Заңсыз сақталған қаруды тасырған азаматтарға ақшалай сыйақы төленеді.
Сәуір айының соңында полицияға облыс тұрғыны Абай келіп, сатып алған үйінің жазғы ас бөлмесінен қаруға ұқсас затты тапқанын хабарлаған. Жергілікті тұрғын полицейлерге қару табылған жерді көрсетіп, қаруды тапсырған. Тиісті сараптамалар жүргізілгеннен кейін әйелге ақшалай төлемдер жүргізілді.
– Акция басталғаннан бастап қазіргі уақытқа дейін жалпы сомасы 5 млн теңгеден асатын 65 бірлік тіркелмеген қару қабылданды. Түрі мен санатына қарай бір қару бірлігі үшін төленетін төлем сомасы 10-нан 100 АЕК-ке дейін, ал ақшалай баламасында 34 500-ден 345 мың теңгеге дейін құрайды, – деді Абай облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Рифхат Тауфиков.
Полиция департаменті ҚР ҚК-нің 287-бабына сәйкес заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді немесе жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылатынын ескертеді.