Әскери оқу орындарының қызметкерлері арасында қазақ күресінен “Қауымдастық барысы” турнирі өтті
Отан қорғаушылар күні қарсаңында М.Есболатов атындағы Алматы академиясында әскери оқу орындарының қызметкерлері арасында қазақ күресінен “Қауымдастық барысы” турнирі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Qazaq kuresi федерациясы бекіткен ережеге сәйкес, олимпиадалық жүйе бойынша өткен жарысты академия бастығы Айдар Сайтбеков құттықтау сөзімен ашты. Ол Әскери орындарының қызметкерлері арасында өткен бұл жарыстың достық қарым-қатынас пен оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты күшейтетінін атап өтті. Сондай-ақ ашылу салтанатында құрметті қонақтар ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов, қазақ күресінен әлем және Азия чемпионы, “Қазақстан барысы” турнирінің үш дүркін жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бейбіт Ыстыбаев турнирге қатысушыларға жеңіске жетуге тілек білдірді.
Турнирдің бас төрешісі ҚазҰУ дене шынықтыру кафедрасының аға оқытушысы, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрғалым Теміров болды. Жарыс қорытындысында ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының балуандары жүлделі бірінші орынды иемденсе, екінші орын Алматы академиясының балуандарына бұйырды. Үшінші орынды Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы мен Петропавл қаласы Ұлттық Ұлан академиясы иеленді.
Жарыс жеңімпаздары арнайы медальмен және Алматы академиясы бастығының арнайы сыйлығымен марапатталды.