Патриотизм, тәртіп және ар-намыс – полиция қызметінің темірқазығы
Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясында болашақ полиция қызметкерлерімен маңызды кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған шарада полиция қызметінің негізін құрайтын құндылықтар – патриотизм, тәртіп және ар-намыс мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында курсанттармен ашық әңгіме өрбіп, полиция қызметкерінің кәсіби келбеті, қоғам алдындағы жауапкершілігі, заңға адалдық пен қызметтік әдептің маңызы сөз болды. Өйткені тәртіп сақшысы үшін кәсіби дайындықпен қатар адамгершілік ұстанымдар да ерекше рөл атқарады.

Жиында Алматы қаласы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Әділет Кабдрахманов, сондай-ақ өзіндік қауіпсіздік басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Руслан Өтегенов сөз сөйлеп, қызмет барысында жинақтаған тәжірибесімен бөлісті.
Әділет Кабдрахманов халық сенімі – полиция жұмысының басты бағасы екенін айтып, жас буынды адал қызмет етуге, офицерлік ар-намысты биік ұстауға шақырды.

Шара сұрақ-жауап форматында жалғасып, курсанттар өз ойларын ортаға салды. Еркін пікір алмасу болашақ тәртіп сақшыларының мамандыққа деген көзқарасын нығайтып, қызметтің мәні мен жауапкершілігін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Кездесу соңында қатысушылар полиция қызметінің беделі ең алдымен әр қызметкердің кәсібилігіне, тәртібіне және адамдық болмысына байланысты деген ортақ пікірге келді.

